Нарын құмында туып-өсіп, өзінің тапқыр сөздерімен ел аузында Мақұлдың Ишаны атанған Ишанғалидан тарайтын ұрпақтар бар ма, болса олар кімдер деген сұрақ кім-кімді де қызықтырары анық.
Бұл кітапта еліне абыройлы қызмет еткен ұлағатты ұстаз Қайырғали Ишанұлы Мақұловтың өнегелі өмірі сөз болады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін халық даналығы осындайда айтылатын болар. Әрбір қалам ұстаған жорналшы өзі көрген, естіп-білген, өмірінде өнегелік із қалдырған жан туралы әңгіме қозғап жатса бір міндетін орындағаны да. Менің де Қайырғали ағаның қарапайым, бірақ мағыналы өмірі туралы сөз арнағым келгені осындай мақсаттан туған еді», - деп кітаптың алғысөзінде автордың өзі жазғандай, ұлағатты ұстаздың өрнекті өмірі жатық тілмен суреттелген. Кітап бес бөлімнен тұрады. «Ер топырағына тартады» аталатын бірінші бөлімінде кейіпкердің туған жері туралы сөз болса, «Мақұлдың Ишаны» аталатын екінші бөлімінде Батыс өңіріндегі Нарын құмында осы атпен өмір сүрген Қайырғалидың әкесі Ишанғали жайлы, оның артында қалдырған тапқыр әңгімелері, әділдік үшін, шындық үшін қара тілді қақ жаратын азаматтығы туралы айтылады. «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», «Біз білетін Қайрекең», «Әулетің өссе ел болар» деп аталатын бөлімдердің аттарының өзі атып тұрғандай, кейіпкерді көзі көргендердің, әулет ұрпақтарының естелік әңгімелері арқау болған, деп жазады ардагер-журналист, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Баян Мұхамбетәлиев.
Ғибраты мол ғұмырбаянды жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтқан қаламгердің еңбегі көпшілік оқырманға арналған.
.