Астанада бесінші қабаттан бала құлап кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Апта басынан бері Астанада бесінші қабаттан екі бала құлаған, екеуінің де өмірі аман қалды.

Үш жастағы бала 1 тамызда бесінші қабаттан құлаған. Тағы бірі 4 тамызда кешкісін бес қабаттық биіктіктен құлап кеткен. Екеуі де ауруxанада.

«1 тамызда құлаған бала ауруxана бөлімшесінде жатыр, оның денсаулығына қатысты толық ештеңе айта алмаймын. Дегенмен егер біз оны бөлімшеге ауыстырсақ, демек оның өміріне еш қауіп жоқ. Кеше түнде тағы бір бала ауруxанаға жеткізілді. Ол да бесінші қабаттан құлап кеткен. Бізде күнде біреу түсіп отырады», - дейді  «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұxбатында №2 балалар ауруxанасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ұлықбек Асылбеков.

Бұл оқиғаларды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов та растады. 4 тамызда, 20.39 сағатта, Сарыарқа ауданы Байсейітов көшесіндегі үйдің бесінші қабатынан 2010 жылы туған бала құлады. «ҚР ІІМ ТЖК атынан бір ғана кеңес бере аламын - балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Бұл ата-аналардың өрескел жауапсыздығынан орын алады», - деді Р. Иманқұлов.