Астанада бесінші сыныптың оқушысын өлтірген қаңғыбастар ұсталды - ІІД

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Астанада бесінші сыныптың оқушысын өлтірген қаңғыбастар ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Мәлім болғандай, үстіміздегі жылғы 16 қазанда Астана қаласының Ішкі істер департаментіне елорда тұрғыны хабарласып, 1998 жылы туған, қала мектептерінің бірінде 5-інші сыныпта оқитын ұлының жоғалғандығын айтты.

Баланы іздестіруге полицияның барлық күштері мен құрылымы жұмылдырылды. 20 қазан күні су құбырының құдығында зорлықпен өлтірілген баланың мәйіті табылды. Сот-медициналық сараптаманың актісіне сәйкес, бала механикалық асфиксиядан (тұншығу) көз жұмған.

Аса ауыр қылмысты тергеу Астана қалалық ІІД басшылығының жеке бақылауына алынды. Тергеу барысында полиция қызметкерлері бірден бірнеше пайымды ұсынды. Қаніпезерді анықтау мақсатында шұғыл қызметкерлер көптеген адамнан жауап алды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері, қылмысты қылмыс жасалған жерде ұдайы бой көрсетіп жүрген, тұрақты тұрғылықты жерлері жоқ қаңғыбастар жасағандығын анықтады.

Шұғыл-іздестіру іс-шаралардың барысында полицейлер Ақмола облысының екі тумасын құрықтады. 1987 және 1989 жылы туған азаматтар қылмысты бұзақылық мақсатта жасағандығын айтты. Олардың бірі бұрын істі болған.

Факті бойынша ҚР ҚК-нің 96 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар Астана қаласының Уақытша ұстау абақтысына жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізілуде.