Астанада бейнебақылау көмегімен 300 мың теңге тұратын ұялы телефон ұрлығы ашылды
12:12, 19 Қазан 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда полицейлері Жедел басқару орталығы бейнебақылау таспаларының көмегімен құны 300 мың теңгені құрайтын ұялы телефон ұрлығын ізін суытпай ашқан.
Елорда ІІД баспасөз қызметінің ақпараттандыруынша, 102 нөміріне Астананың 25 жастағы тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің кешке Иманов көшесінде оның 300 мыңға жуық теңгені құрайтын ұялы телефонын ұрлап, қашып кеткенін хабарлады. ЖБО бейнебақылау таспаларының көмегімен полиция қызметкерлері 22 жастағы азамат Д-ны ізін суытпай ұстады. Аталған факті бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі кезде ұсталған ер адам мойындау түсініктерін берді. Айғақ дәлел алынды. Күдікті Астана қалалық ІІД уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Астана қалалық ІІД қызметкерлерінің ақпаратынша, жыл басынан бері Жедел басқару орталығы бейнетаспаларының көмегімен полицейлер 200-ге жуық қылмыс пен 32 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтар ашылған.