Оның айтуынша, жоспар бойынша қалада 70 мың ағаш, 600 мыңнан астам сәндік-гүлді бұта, тірі қоршауларға арналған 40,5 мың өсімдік және өзге де жасыл желек отырғызылады. Жұмыс елорданың барлық алты ауданын қамтиды.
Қазіргі уақытта Астанада 4 млн-нан астам жасыл желек бар. Бұдан бөлек, «Жасыл белдеу» аумағында 14 млн-ға жуық жасыл желек өседі. Қалада жыл сайын кемінде 1 млн ағаш, бұта, көшет пен гүл отырғызылады.
Жыл басынан бері елордада 700 мыңнан астам жасыл желек егілді. Оның ішінде 21 мың ағаш, 303,4 мың сәндік-гүлді бұта, тірі қоршауларға арналған 28 мың өсімдік, 130,7 мың бұта және 249,2 мың көпжылдық гүл бар.
– Ірі көлемді ағаштар мен көпжылдық бұталарға ерекше көңіл бөлінеді. Өсімдік түрлерін таңдау кезінде елорданың климаттық жағдайы ескеріледі. Күзгі кезеңде тағы 234 мың жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр, – деді Самат Абдуллин.
Көгалдандыру саябақтар мен скверлерде ғана емес, қаланың негізгі магистральдары бойында да жүргізіліп жатыр. Tarlan Astana желісі, Сығанақ және Қабанбай батыр көшелерінің бойында жаңа көшеттер отырғызылуда.
Сонымен қатар Greenline жаяу жүргіншілер бульварының екінші кезеңін көгалдандыру жалғасып жатыр. Мұнда серуендеу бағыттары, жасыл кеңістіктер, спорттық және ойын алаңдары қарастырылған.
Есіл өзенінің бойында Президент саябағы, Бейбітшілік және келісім саябағы, Триатлон-парк және басқа да рекреациялық аумақтарды біріктіретін саябақ кластері қалыптастырылып жатыр.
Қаланың алты ауданында да көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Алматы ауданында Нәжімеденов көшесі мен «Тәуелсіздік» көпірі аумағы, Байқоңыр ауданында Абай даңғылы мен Кенесары, Пушкин және Тәшенов көшелері, Есіл ауданында Керей-Жәнібек хандар көшесі, Ұлы Дала және Қабанбай батыр даңғылдары көгалдандырылып жатыр.
Нұра ауданында Сығанақ, Айтматов және Гапеев көшелері бойында жасыл аймақтар қалыптастырылса, Сарайшық ауданында Қошқарбаев даңғылының бір бөлігі абаттандырылды. Сарыарқа ауданында Күмісбеков және Кенесары көшелерін көгалдандыруға басымдық берілген.
Басқарма өкілінің айтуынша, жаңа көшеттер отырғызумен қатар, бұрын қалыптастырылған жасыл қорды күтіп-баптауға да ерекше көңіл бөлінеді. Ағаштар мен бұталар суарылып, зиянкестер мен ауруларға қарсы өңделеді, тыңайтқыштар енгізіліп, суару жүйелері қалпына келтіріледі.
Соңғы жылдары елордада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, Президент саябағында жас экобелсенділермен бірге ағаш отырғызған болатын.