Оның айтуынша, қысқартылған қызметкерлердің 65-і басқа ұйымдарға жұмысқа орналасқан. Ал 144 адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отыр.
— Биыл Астанада жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартының тоқтатылуына негіз болған қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты 149 ұйымнан 547 қызметкер жұмыстан босатылды. Олардың 65-і басқа ұйымдарға жұмысқа орналастырылды. 144 қызметкер жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отыр, — деді Мұрат Шәкенов Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар ол қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы — тиісті негіздер болған жағдайда жұмыс беруші пайдалануға құқылы заңды тетік екенін атап өтті. Алайда бұл құқық еңбек заңнамасында белгіленген талаптар мен тәртіпті қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.
— Қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы — заңда көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс беруші қолдана алатын заңды тетік. Дегенмен жұмыс беруші бұл құқықты іске асыру кезінде еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға міндетті, — деп толықтырды ол.
Айта кетейік, биылғы жарты жылда жұмыссыздық қанша пайыз болғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Қытайда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі кейінгі 11 айдағы ең төменгі көрсеткішке түсті.