Астанада білім берудегі этнопедагогика тақырыбында халықаралық конференция өтуде

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада «Білім берудің этнопедагогикалық негіздері: теория және тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды.

Оған Ресейдің Білім беру академиясының құрметті мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Геннадий Волков бастаған орыс профессорлары және отандық ғалымдар қатысуда.

Халық педагогикасымен ұзақ жылдар бойы айналысып, көптеген ғылыми еңбектер жазған чуваш ғалымы Г.Волков педагогикалық әдебиеттерге тұңғыш рет «этнопедагогика» деген ұғымды енгізген.

Екі күнге созылатын халықаралық басқосудың басты мақсаты - этнопедагогиканың әдіснамалық негіздерін, мақсат-міндеттерін және халықтық салт-дәстүрлерді білім беру мен тәрбиелеу ісінде қолданудың маңыздылығын айқындау. Сонымен қатар қолдану мүмкіндігіне ие болған педагогтардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Г.Волковтың айтуынша, этнопедагогика ғылымының негізгі материалы - халық педагогикасы, ол - халықтың мәдени мұрасы, ұлттық тәлім-тәрбие құралы.

Қоғамның барлық тарихи даму кезеңдерінде халық педагогикасы жайлы ұғымды анықтау, әр түрлі ғылыми-педагогикалық көзқарастарды қалыптастыру проблемаларына көптеген ғалымдар, педагогтар көңіл аударып, құнды пікірлер айтып, ұрпақ үшін баға жетпес өмірлік мұралар қалдырды.

Атап айтсақ, олар орыс педагогтары К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский, В.И.Водовозов, Г.С.Виноградов, қазақтың көрнекті жаңашыл педагогы Ы. Алтынсарин, қазақтың асқан ақыны, қазақ тіліндегі ең алғашқы педагогика оқулығының авторы М.Жұмабаев және тағы басқалары.