Астанада Білім берудің жоғары мектебі ашылады

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Назарбаев университетінде басталған Жоғары білім беру сала­сы көшбасшыларының еура­зиялық форумы аясында Білім берудің жоғары мектебін ашу жоспарланып отыр.

Назарбаев университетінің Білім беру саясаты орталығының директоры Аида Сағынтаеваның айтуынша, жаңа мектепте  жоғары оқу орындарын бас­қа­ру­шы мамандар даярланатын болады. Олар отан­дық білім беру саласын реформалау жағдайында еңбек етпек. «Дәл осы Жоғары мектеп арқылы Назарбаев университеті білім беруді басқарудың озық тәжірибесін барлық республикаға тара­та­ды. Осы орайда атап өтер жайт - біз бұл мек­тепті Кембридж және Пенсильвания университеттерімен бірлесе отырып ашып отырмыз. Себебі олардың біреуі орта білімге бейімделсе, екіншісі жоғары білім беру саласын жақсы біледі. Осы­лай­ша, бір-бірінің жұмысын қайталамай, толық­тырып отыратын әлемнің екі жетекші уни­верситеті Жоғары мектептің акаде­мия­лық саясатына жауап береді. Олар магис­тра­тура бағдарламасын, оқу жоспарларын, мектептің басқарушы аппаратын жұмысқа қабылдау жұмыстарын атқарады. Қазіргі кезде мектеп деканы қызметке алынды. Жақын арада ол Астанаға көшіп келеді», - дейді А.Сағынтаева.

2013 жылы Жоғары мектепке алғашқы екі топ қабыл­да­нады. Оның әрбіреуінде 30 адам білім алады. Олар білім беру саласындағы магис­тратура бағдарламасы, ағылшын тілінде Master in Education бойынша білім алмақ. Онда екі мамандық бар. Біреуі - орта білім, екіншісі - жоғары. 2020 жылға дейін Жоғары мектептің 400-ден астам түлегін еңбек нарығына шығару жоспарланған. Док­то­ран­ту­раның алғашқы түлектері де сол кезде оқу­ларын аяқтайды.