Астанада Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті

АСТАНА. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбековтың төрағалық етуімен Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті.

Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев төрағалық ететін комиссияның құрамына аталмыш ведомство мен денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім беру қызметкерлерінің кәсіподақтары кіреді.

Айта кетейік, білім гранттары Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша ЖОО-ларға оқуға түсіп жатқан абитуриенттерге тағайындалады.

2010-2011 оқу жылында мемлекеттік білім грантттары 35 425 адамға беріледі. Оның 34 425-і - күндізгі, 1000 - сырттай бөлімдерге арналған. Аталмыш гранттардың ішінде сондай-ақ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалына түскен студентттерді оқыту, Түрік Республикасынан және басқа да түркітілді мемлекеттерден келген студенттерді Ясауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетінде оқыту, Ақпараттық технологиялар халықаралық университетінде білім алу, Назарбаев университетінде және ЖОО-лардағы алдын ала дайындау бөлімшелерінің тыңдаушыларын оқыту қарастырылған.

Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына барлығы 82 607 абитуриенттің өтініші қатысты, оның ішінде қазақ тілді - 57 828, орыс тілде - 24 779. Олардың арасында 2400-і «Алтын белгі» төс белгісінің иегері, 1101 - халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың, байқаулардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздары.

Гранттар ҰБТ мен кешенді тестілеулер нәтижелеріне сәйкес берілген сертификаттардың ұпай сандары бойынша тағайындалады.

Гранттарды үлестіру барысында «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың, байқаулардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздарына басымдық беріледі.

Білім гранттары иегерлерінің тізімдері «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде тамыз айының ортасында жарияланады.