Астанада Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық аккредитациялық орталығының Аккредитациялау кеңесінің бірінші мәжілісі өтті

None
АСТАНА. Желтоқсанның 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық аккредитациялық орталығының Аккредитациялау кеңесінің бірінші мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық аккредитациялау орталығының директоры Нұрилә Шаханованың айтуынша, қоғам өкілдері жоғары оқу орындары беретін білімнің сапасы мен оның тиімділігіне қатысты жан-жақты ақпарат алуға толық құқылы. Аккредитациялау жұмыстары дегеніміз осы мәселені қамтиды. «Мұндай тәжірибе әлем бойынша қалыптасқан және көптеген мемлекеттерде аккредитациялаумен айналысатын арнайы агенттіктер мен бүтіндей бір желілер бар. Олар тіпті халықаралық деңгейде дамыған. Қарқынды дамып отырған Қазақстан да әрине бұл үдерістерден тыс қалып отырған жоқ. Елімізде 2005 жылы Ұлттық аккредитациялау орталығы құрылды. Аталмыш орталық осы сала бойынша арнайы нормативті әдістемелік құжаттар дайындап, аккредитациялау мәселелерімен айналысатын мамандар даярлады», деді орталық директоры.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы еліміздегі 9 жоғары оқу орны институционалдық аккредитациялау жұмыстарына қатысты. «Осыған қарай біздің орталықта арнайы сараптау комиссиясы құрылып, оның құрамына еліміздің және шетелдің сарапшылары мен ғалымдар кірді.

Жалпы аккредитация жоғары оқу орнының даму деңгейін, оның аяқ алысы мен болашақ жоспарларына қатысты мәселелерді сараптап, саралап отырады», деді Н.Шаханова.

Отырыс барысында мәжіліске қатысушылар аккредитациялау жұмыстарына қатысқан 9 жоғары оқу орнының жұмыстарына қатысты   сараптау комиссиясы өкілдерінің ұсыныс, пікірлерін талқыламақ.