Жыл сайын қыс кезінде от жағу маусымының басталуымен тұншықтырғыш газдан улану оқиғаларының саны артады. 2012 жылы елордада түрлі дәрежеде иіс тиіп уланған 81 бала, 2013 жылы 53 бала ауруханаға жатқызылған. «Тұншықтырғыш газдан улану жағдайлары төмендегенімен, ата-аналар сақтық шаралары туралы ұмытпау керек. Көбінесе балалардың иіс тиіп улануы ересектердің тұрмыстағы немқұрайлылығы мен пешпен от жағу жүйесіндегі олқылықтарды уақытылы жөндемеуі салдарынан орын алып жатады»,- делінген ведомство хабарламасында. Тұншықтырғыш газдан улану - жіті патологиялық жағдай, ол тұншықтырғыш газдың адам ағзасына енуі нәтижесінде пайда болады, адам өмірі мен денсаулығына қауіпті болып табылады және білікті медициналық көмексіз мұндай жағдай адам өлімімен аяқталуы мүмкін. Айта кетейік, адам жеңіл дәрежеде уланғанда бас ауруы, шекенің солқылдауы, бас айналу, кеуде тұсының ауруы, құрғақ жөтел, жас ағу, жүрек айну, құсу, көзіне елестеуі мүмкін, терінің қызаруы, көздің шымқай қызыл түске боялуы, тахикардия, қан қысымының артуы орын алады. Осындай жағдайға тап болғандар зардап шеккен адамды тұншықтырғыш газ жайлаған орыннан шығарып, жедел жәрдем бригадасын шақыруы тиіс, дейді медицина қызметкерлері.
15:15, 23 Қаңтар 2014
Астанада бір жылда 50-ден астам бала иіс тиіп уланып қалған
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылы Астана қаласының №2 қалалық балалар ауруханасына иіс тиіп уланып қалған 53 бала жатқызылды. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.