Астанада бірқатар елдер есірткінің заңсыз айналымы мәселесін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Есірткі айналымына тосқауыл қою саласында өңірлік ынтымақтастық бойынша Меморандумына қатысушы елдер іс-қимылдар топтамасын қабылдады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, бүгін есірткі айналымына қарсы тұру саласында өңірлік ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумына қатысушы елдердің оныншы шолу кездесуінің жоғары деңгейдегі отырысында тиісті Декларация қабылданды.

«Бүгінгі өткен шараның қорытынды құжатының басты нәтижесі Орталық Азия мемлекеттерінің, Әзербайжан мен Ресейдің есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жолындағы бірлескен іс-қимылдар топтамасының қабылдануына қатысты болып отыр. Ауғанстаннан шыққан есірткінің 20-дан 25 пайызына дейінгі үлесі Орталық Азия өңірі, Ресей, Әзербайжан елдері аумағы арқылы транзит ретінде өтеді. Сондықтан біз үшін де есірткінің заңсыз айналымы қауіпсіздігімізге, болашағымызға төніп тұрған үлкен қауіп. Осы орайда бірлескен шаралардың қабылдануы, бірлескен іс-әрекеттердің үйлестірілуі өте маңызды»,- деді Е. Ашықбаев.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар жиын барысында Алматыдағы Заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы жұмысына да шолу жасалды.

«Бұл осы саладағы қазақстандық бастамалардың ең үлкен үлгісі деп атауға болады. Орталық жұмысы нәтижесінде аймақ мемлекеттерінің есірткіге қарсы бірлескен операциялары іске асырылуда. Сондай-ақ оның жұмысының арқасында Орталық Азия елдерінде құқық қорғау мекемелері қызметкерлерінің есірткі айналымына қарсы жұмыстарының тәжірибесі жақсартылуда»,-деді Ашықбаев.