Астанада бірқатар спорт өкілдері марапатталды

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - 2007 жылы еліміздегі спортпен шұғылданатын адамдардың саны 2,3 млн. болса (15%), 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,6 млн. адамға (21,6 %) жеткен. Бұл туралы бүгін ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінде Спорт күніне орай өткен салтанатты шарада ведомство басшысы Ерлан Қожағапанов айтты.

«Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев айтқандай, салауатты өмір салты ғана ұлт денсаулығының кілті болып табылады. Қазақстанның әрбір тұрғыны бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қосуға құқылы. Бүгінгі спорт - бұл әрбір қазақстандықтың өмірінің сапасы мен ұзақтығын, сондай-ақ ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызды фактор», - деп атап өтті Е. Қожағапанов.

Ведомствоның хабарлауынша, жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Спорт күніне орай биыл еліміздің түкпір-түкпірінде 15-18 тамыз аралығында спорттық-бұқаралық жарыстар, салтанатты жиындар және дене шынықтыру мен спортты дамытуға үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімдері өтеді.

Е. Қожағапановтың мәліметінше, биыл «Дене шынықтыруды және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Спорттағы құрметті қызметкер», сондай-ақ «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хат» сияқты ведомстволық наградалары 244 адамға табыс етілген.

Бүгінгі шарада Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, спорт ардагері Александр Шнейдмюллер, «Шахтер» футбол командасының директоры Тарих Төлегенов және басқа да спорт өкілдері осындай марапаттарға ие болды.