Астанада Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына арналған мәдени кеш өтті

sp;АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Опера және балет театрында белгілі әнші, сазгер, суырып салма ақын Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына арналған мәдени кеш өткізілді,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Мерекелік өнер кешіне республикалық және халықаралық байқауларда  жүйрік шыққан саңлақтар Біржанның «Ғашығым», «Сары арқа», «Жанбота» сынды елге кеңінен танымал әндерін орындап, көрермен қауымды қуанышқа кенелтті. Атап айтар болсақ, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов, халықаралық байқаулардың лауреаты Ардақ Исатаева, республикалық конкурстың жеңімпазы Гүлмира Сарина, жас әншілер Перизат Тұрарова, Ахат Кенжебаев, Теміржан Мұратов сахнаға шықты.

 «Біржанның мұрасы кейінгі қазақ музыкалық мәдениетіне әсер еткені соншалық - ең алғашқы опера «Қыз Жібекке», одан кейінгі «Ер Тарғынға» Біржан музыкасы кеңінен пайдаланылды. Біржан сарқылмайтын бұлақ ретінде 21-ші ғасырға келіп жетті. Оның әрбір әнін ұлттың ұлы мұрасы етіп ұлықтауымыз керек», деді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед.

 «Біржан 21-ші ғасырда да қазақтардың жаңа буынының жан жүрегін жадырататын рухани азығы, серігі, ұлттық музыка мәдениетінің ең биік шыңы ретінде қала береді», деп атап көрсетті Министр.