Кездесудің жай-жапсары туралы шаһар басшысы өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақтау Сити» ТК, «Sapsan» ТК, «Қазанат 2» ТК, «Әскер 1» ТК проблемалы тұрғын үй кешендерінің тұрғындарымен кездестім. Нысандарда құрылыс жұмысы тоқтап тұр немесе қарқыны өте баяу. Құрылыс салушылардың нашар әдеті бар – көзге көріну үшін арнайы техникаларды тек тұрғындармен және мемлекеттік органдармен кездесу кезінде ғана жеткізеді»,-деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ ол аталған тұрғын үй кешендері бойынша бірқатар құрылыс салушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартылғанын хабарлады.
«Осы тұрғын үй кешендерінің аяқталуын бақылауда ұстайтын боламыз. Құрылыс компаниясына қарқынды жұмыс жүріп жатқанын тек көзге көріну үшін ғана жасауына жол бермейміз. Құрылыс жұмыстарының нақты қарқыны болмаса, іс қозғау үшін құзырлы органдарға жүгінетін боламыз. Өйткені бұл үйлер бірнеше жыл бұрын аяқталуы керек еді.
Қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарға келетін болсақ, биыл қалған объектілерді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Яғни, бұл 30-дан астам тұрғын үй»,-деді әкім.