Астанада биыл жаңа амбулаториялық кешен мен екі емхана пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ағымдағы жылдың екінші жартысында сол жағалауда 500 адамға арналған амбулаториялық емханалық кешен мен Ильинка ауылында және Досмұхамедов көшесінде 2 емхана ашылмақ, деп хабарлайды елорда әкімінің баспасөз қызметінен.

«Астанадағы маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі - емханалар санын арттыру. 2012-2013 жылдар аралығында қалада екі аурухана мен екі емхана пайдалануға берілген. Жалпы, 2016 жылға дейін тағы 3 арнайы денсаулық сақтау мекемесі халыққа қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр. Қазір олардың құрылысы жүріп жатыр», делінген хабарламада. Сондай-ақ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасының жүйесінде 34 медициналық ұйым жұмыс жасайды. Оның ішінде 14 аурухана, 11 алғашқы медициналық-санитарлық көмек, 1 қалалық жедел жәрдем стансасы, 6 тағы басқа мекемелер мен 2 медициналық білім беру ұйымы бар. Сонымен қатар қала халқына республикалық маңызға ие 9 аурухана мен 1 республикалық диагностикалық орталық, 7 ведомстволық ұйым қызмет көрсетеді екен. Оның ішінде 4 аурухана, 3 емхана, 2 жекеменшік ауруханалық ұйым мен амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 8 жекеменшік ұйым тіркелген.