Акция мақсаты - мемлекеттің тілдің мәртебесін арттырып, қолдану аясын кеңейту, көпұлтты Қазақстанда достық пен келісімді нығайту болып табылады.
«Бүгін еріктілер банк, халыққа қызмет көрсету орталығы, аурухана, әуежай, автовокзал, темір жол вокзалдарына жіберіледі. Еріктілер барлық мекемелердің жұмысына баға береді. Кеше аталмыш ұйым қызметкерлері арнайы бейнероликтермен, плакаттармен танысып, сөздіктер алды. Өз саласында мемлекеттік тілде қалай қызмет көрсету керектігін бәрі біле бермейді. Акцияға 100 ерікті студент қатысты. Олар күні бойы бағалау жүргізеді де, кешке акцияның қорытындысы шығарылады, үздік қызметкерлер марапатталатын болады», - деді «Нұр Отан» партиясының АҚФ өкілі О. Бейсенбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде үгіттеу жұмыстары жүргізіледі. Оның барысында еріктілер тұрғындар мен қала қонақтарын акция жайлы хабардар етеді, екінші кезеңде олар мекемелердегі жұмыс барысын тікелей бақылайтын болады.
Кешке Астана әкімдігі алаңында «Тіл тұтастығы - ел тұтастығы» атты отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Белсенді қатысушылар алғысхаттармен, жүлделермен марапатталады. \\