Астанада «Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз!» эстафетасы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жаугерлік Туының көшірмесі «Біз - Жеңіс мұрагерлеріміз!» эстафетасы аясында Астанадан Қарағандыға дейінгі алғашқы 200 шақырымды жүріп өтті, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Эстафета ҚР Ұлттық гвардиясының елордалық 5573 жедел мақсатты бригадасының плацында басталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық гвардиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық гвардияның басқарма өкілдерінің және бригаданың толық жеке құрамының, сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Ұлттық гвардияның ардагерлер Кеңесі өкілдерінің қатысуымен эстафетаның басты атрибуты офицерлер мен келісім бойынша борышын өтеп жатқан әскерилерден тұратын арнайы топқа табыс етілді.

Бұл Жауынгерлік Тумен Ұлы Отан соғысы басталған сәтте 29-шы дивизияның жауынгерлері жауға атойлап шауып, қан майданға кірген болатын. Дивизияның айбын және жауынгерлік даңқ белгісі кейін Ақмолада жаңадан жасақталған қазақстандық мұрагерлеріне табысталды.

Қазақстандық дивизия Сталинград үшін шайқасты. Осы орайда жауынгерлердің өшпес ерлігі мен Отан үшін отқа түсер қайсарлығына құрмет ретінде 29-шы атқыштар дивизиясына 1943 жылдың 1 наурызында 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы мәртебесі берілген болатын. Бөлемше Жеңісті Чехословакияда қарсы алды.

Жауынгерлер бас-аяғы 2 850 шақырымды еңсеріп, жаудан 721 елді мекенді, 13 ірі қаланы азат етіп, 16 өзеннің қыл көпірінен өткен екен.

Өзінің жауынгерлік жорық жолында дивизия жеке құрамы ұрыстың тек алғы шебінен көрінуі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл дивизияның жаужүрек ұландары «отқа күймес, суға батпас, бірегей» деп аталып, ерліктерінің майдан даласына аңыздай тарағаны да шындық.

Ұлы Отан соғысы жылдарында дивизияның 18 мыңнан астам офицері мен жауынгері орден, медальмен марапатталса, отыз бірі Кеңес Одағының Батыры атанған.

Ерлік ұрпаққа - ұран. Ол ешуақытта да ұмытылмақ емес. Гвардияшы-батырлардың жарқын бейнелері мен өлшеусіз батырлық істері ұрпақ есінде мәңгілік сақталмақ. Олар Отан үшін қызмет етудің, қажет кезінде туған ел мен жер үшін жан қиюдың жарқын үлгісі мен антқа адалдықты көрсетті.

2014 жылы қараша айында, Ресей Қарулы Күштерінің Орталық мұражайында сақталып келген 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының тура көшірмесі Қазақстаннан барған ресми делегацияға - «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің Одағы» қоғамдық ұйымының өкілдеріне берілген болатын.

2015 жылдың 10 қаңтарда - «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заңға Президент қол қойылған күні, Ұлттық ұланның ұйымдастыруымен өткізілген гала-концертінде аталған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі қастерлеп, сақтау үшін Астанадағы ұландық жедел бригадаға салтанатты түрде табыс етілді.

Айта кетейік, 92 тәулікке созылатын эстафета барысында 70-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесі бас-аяғы 10 000 шақырымнан аса жерге тасымалданып, еліміздің 25 қаласында желбірейді. Ал 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні Ұлы Отан соғысыңдағы Жеңістің 70 жылдығына орай Елордада өткізілетін шеруде ұландықтар Жауынгерлік Туды алып шығуды жоспарлап отыр.Эстафета соңында Ту ел жүрегі - Астанаға қайтып оралып, жоғарыда атап өткеніміздей әскери шерудегі құрмет белгілерінің біріне айналмақшы.

Ауқымды іс-шара Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеудің ТМД мемлекет басшыларының қол қойған жоспары мен аталған мерейтойды Қазақстан Республикасында айрықша атап өту концепциясы аясында ұйымдастырылып отыр.

Жеңіс эстафетасы 3 ақпан мен 5 мамыр аралығында өткізіліп, оған Ұлттық ұланның құрылымдық әскери бөлімдері, ардагерлер ұйымдары, орта білім беру орындарының оқушылары, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студенттер қауымы, қоғамдық ұйымдар мен өзге де мүдделі мекемелердің өкілдері қатысатын болады.

Сонымен қатар эстафета барысында Жауынгерлік Туды табыстау рәсімінен өзге майдангер бабаларымызға арналған тағзым шаралары, Отан үшін от кешкен ардагерлер қауымымен кездесулер, өскелең ұрпақты ерлік пен өрлікке баулу сабақтары, әр түрлі көрмелер мен әскери-патриоттық фильмдердің көрсетілімдері ұйымдастырылмақ.

3 ақпан күні республикалық эстафетаның бастау алуының да өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, дәл 1943 жылдың 2 ақпан күні соғыстың алдағы бағыт-бағдарын, талайлы тағдырын айқындаған Сталинград түбіндегі кескілескен шайқас аяқталған еді. Және қайтара атап өтерлігі, осы майданда көрсеткен ғаламат ерліктері үшін 29-шы дивизияға 72-ші гвардиялық мәртебесі берілді.