Астанада «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 425 жоба мақұлданды
Астана қаласы Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының хабарлауынша, банктік несиелер/лизингтік компаниялардың пайыздық үстемелерін субсидиялау бойынша жалпы сомасы 11 919,5 млн. теңгені құрайтын 64 жоба мақұлданды.
Сондай-ақ, инфрақұрылымдық өнеркәсіпті дамыту бойынша 81,8 млн. теңге болатын 3 жоба қолдау тапты. Жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыру мақсатында 15 млн. теңге көлемінде 5 грант бөлінді.
Айта кету керек, Астанада «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері 84 507,4 млн. теңгені құрайтын 480 жоба қолдау тапқан.
2010 жылдан ағымдағы жылдың қазан айына дейін 81 656,3 млн. теңге соманың 425 жобасы субсидияланды. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламаға несие сомасы 3 676,4 млн. теңгені құрайтын 80 жоба қатысты.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында өндірістік инфрақұрылым үшін жалпы сомасы 2 791,23 млн. теңге болатын 35 жоба қатысуда. Инфрақұрылымдық жобалар электр энергиясын, жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау, жобалау-сметалық, мемлекеттік сараптама және басқа салаларды қамтиды.
Гранттық қаржыландыру аясында 20 жобаға 59,9 млн. теңгеге несие бөлінді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.