Астанада БҚО-ның инновациялық жобалары таныстырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» көрмесінің корпоративті павильонында Батыс Қазақстан облысының инновациялық жобалары таныстырылып, инвестициялық форум өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Шетелдік мемлекеттер елшіліктері мен халықаралық қаржы институттарының, ұлттық жəне шетелдік компаниялардың өкілдері қатысқан жиында БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасымыз Қазақстанды әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосуды басты стратегиялық міндет етіп қойғаны белгілі. Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі «жасыл энергетиканы» дамытуға мүдделі жаһандық кеңістікке кіруге негіз болмақ.


Батыс Қазақстандағы минералды ресурстардың молдығы және инвестициялық ахуалдың жақсаруы өзге өңірлер арасында тікелей шетелдік инвестиция тарту үлесінен алғашқы орында болуға мүмкіндік беруде. Яғни,  тікелей шетелдік инвестиция 1,2 млрд доллар көлеміндегі жалпы инвестицияның 71 пайызын құрайды.

Облыстың сыртқы сауда айналымы 4 млрд. доллардан асты. Қазіргі уақытта шетелдік инвесторлармен және өңірдегі бизнесмендермен ынтымақтасудың арқасында заманауи технологиямен жабдықталған бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ашылуда.

Мәселен, өңірде финдік технологиямен жиһаз және терезе жасау, мұнайхимия саласында канада-ирандық  жобаны қолдану, түрік инвесторларының кәсіпорындарымен бірлесіп трансформатор шығару табысты жүзеге асуда. Облыста жеке инвестицияны дамытуға болатын салалар жеткілікті. Мәселен, мұнайгаз саласы мен агросекторды және азық-түлік өнеркәсібін дамыту Батыс Қазақстан үшін аса қолайлы. Өткен айдан бастап «Батыс Марка Ламб» ЖШС-да тоңазытылған қозы еті Таяу Шығысқа экспортталуда. Ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында Қытай нарығына шығу жоспарлануда. Тері мен жүн-жұрқаны өңдеп, киім-кешек өндіру ойластырылуда. Бұл үшін испандық және итальяндық технология мен жабдықтар пайдаланылмақ. Сонымен қатар машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру аймақтық экономикалық драйверлер мен импорт алмастыру бағытындағы басымдықтардың бірі болып есептеледі. Облыс басшылығы  ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында кез келген жауапты коммерциялық бастамаларды қолдауға дайын.

Батысқазақстандық журналист Нұртай Текебаевтың мәлім еткеніндей, жиында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пирметов инвестициялық серіктестіктің нығаюына сәттілік тілесе, ЭКСПО комиссары Рапиль Жошыбаев бүгінге дейін көрме павильондарында 15 халықаралық шара өткенін  хабарлады. «Қазақинвест» ҰК Батыс Қазақстан өңірлік филиалының директоры Азамат Бисенов облыстың инвестициялық әлеуеті жайында баяндады. Оның сөзіне қарағанда, өңірдің жалпы ішкі өнімі 6 млрд. долларды құрайды. Орал қаласы - Еуропаға жақын орналасқан қала болғандықтан, БҚО халықаралық логистикалық орталық болып есептеледі. Қазақстан табиғи ресурстарының байлығымен әлемге әйгілі.

Бір ғана Ақ Жайық өңірінде 100-ден астам компания қызмет етуде. Облыста бір жылда ауыл шаруашылығы саласында құны 380 млн доллар болатын тауар өндірілген. Экономикалық драйверге айналған басқа салалар да даму үстінде. Мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, аймақтағы азық-түлік өнімін алу тұрақты дамуда. Азамат Бисенов шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бизнесмендер кеден мен баж салығынан босатылып, демеуқаржы және визасыз режимде жұмыс жасауына мүмкіндік беріледі. Қазақстандағы әлеуметтік және саяси тұрақтылық, телекоммуникация инфрақұрылымының дамуы шетелдік инвесторлардың бизнесінің дамуына оң әсер етеді. Қазіргі уақытта 5 млн долларға Орал халықаралық әуежайының ғимаратын жаңғырту жоспарлануда. Әуежайдың аумағы кеңейтіліп, тасымалдау ағынын жылына 300 мың адамға дейін ұлғайту жоспарланған. Соңғы уақытта Ресейдің Мәскеу және Германияның Франкфурт қалаларына қатынайтын халықаралық рейстер ашылды.

Алдағы уақытта әуежай арқылы Нидерландтың Амстердам және Түркияның Ыстанбұл қалаларына қатынауға жол ашу көзделуде. Оралдан Еуропаға шығуға құны 1,3 млрд болатын темір жол құрылысын қолға алу жоспарланған. Бұл жобалар басқа елдермен байланысты нығайтуға, тауар айналымын жандандыруға мүмкіндік бермек.

«ҚПО б.в.» компаниясының басқарушы директоры Бейбіт Сабыров Қарашығанақ концорциумы жүзеге асыратын жобалар жайында баяндады. «Nostrum Oil and Gas» компаниясаның бас директоры Кай Уве Кессель «Жайықмұнай» ЖШС мен компаниялар тобын дамыту жайына тоқталды. Ал финдік «Бизнес Хаб» компаниясының директоры Мұхтар Манкеев облыста жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар жөнінде мәлімдеді. Жиында «Зениттехсервис» және «Эдвайтедж Қазақстан» ЖШС-ларының өкілдері арасында меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.  Кейін бизнесмендерге В2В және В2G форматында кездесуге мүмкіндік берілді.

«Бұл кездесуге 33 мемлекеттің елшілік өкілдері мен бизнесмендері келді. Форум инвестиция тартуға болатын салаларды  анықтауға мүмкіндік береді. ЭКСПО павильонында Финляндия өкілдерімен кездесу өткізіп, бірлескен үш жобаны жүзеге асыруға келістік. Яғни, облыста фин технологиясымен жиһаз және есік-терезе шығару, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және құрылыс саласында 3D-жобалауды қолдануға басымдық беріледі.  Сонымен қатар бірқатар салаларды дамыту бағытында  Түркия және Қытай елдерімен келіссөз жүргізілуде», - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.