Астанада Бөбектер үйіне түскен сәбиден туберкулез ауруы табылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының мамандандырылған бөбектер үйіне қабылданған үш жасар сәбиден туберкулез ауруы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап. 

2018 жылдың 8 тамызында №1 қалалық балалар ауруханасынан Астана қаласының мамандандырылған бөбектер үйіне 2015 жылы туған К. есімді бала тастанды ретінде түскен. 

«Балалар үйіне қабылдайтын кезде бүлдіршін толық тексеруден өтті және жаңа келуші ретінде оқшауланды. Тексеру жұмыстарына сәйкес, 2018 жылдың 10 тамызында балаға Манту екпе сынамасы жасалды. 13 тамыз күні екпеге әсері оң болып, фтизиопедиатрға консультацияға жіберілді. Сол күні баланы фтизиопедиатр тексерді және толыққанды тексеру тағайындады» делінген Астана әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ресми хабарламада.

Зерттеу нәтижесі бойынша, 2018 жылдың 11 қыркүйегінде балаға «Кеудеішілік лимфа түйіндерінің туберкулезі» диагнозы қойылған және туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылған. 

«Қазіргі уақытта науқас сол диспансерде жатыр. Айта кету керек, кеудеішілік лимфа түйіндерінің туберкулезі кішкентай балаларда асқынбай жеңіл өтеді және айналаға еш қауіп туғызбайды», - деп ескертті әкімдік. 

Сондай-ақ, әкімдіктің хабарлауынша, Бөбектер үйінің барлық қызметкерлері жыл сайын профилактикалық тексеруден өтеді және олардың санитарлық кітапшалары бар.

Соңғы жаңалықтар