Астанада Бокстан Қазақстан чемпионаты жаңа ережелер бойынша - бас шлемінсіз және үш төрешімен өтеді

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада әуесқойлар арасындағы бокстан Қазақстан чемпионаты басталды. Ұлттық біріншіліктің ашылу салтанаты «Дәулет» теннис орталығында өтті.

Чемпионат тұңғыш рет халықаралық бокс ассоциациясының (АІВА) ережелері бойынша өткелі отыр. Онда спортшылар қорғаныш шлемсіз бокстасады және оларды үш төреші бақылайтын болады.  Бұл өзгерістер көрермендер жекпе-жектерден көбірек әсер алу үшін жасалып отыр деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 180-нен астам боксшы қатысады.

Дүбірлі дода Астанада 22-29 қараша аралығында өтеді. Кіру тегін.