Атом саласының болашағы: Астанада ғалымдар мен мамандар бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенттік орталығының базасында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ұйымдастыруымен «Болашақ атомы» атом ғылымы мен технологиялары бойынша халықаралық конференциясы өтті.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Іс-шара Қазақстан Республикасының Атом саласы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Конференцияның мақсаты — Қазақстанның атом саласының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін, кадр даярлау және сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мен коммерцияландыру бағыттарын талқылау болды.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының, Ядролық физика институтының, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ және «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС өкілдері баяндама жасап, атом саласының өзекті мәселелері мен даму перспективалары жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

«Қазақстанның бүгінгі атом саласы» тақырыптық блогы аясында қатысушылар атом саласы үшін кадр даярлау, ғылыми зерттеулер мен перспективалық энергетикалық технологияларды дамыту, ғылыми әзірлемелерді енгізу және коммерцияландыру, отандық ғылыми ұйымдардың қызметі, сондай-ақ уран саласының өндірістік тізбегі мен сұранысқа ие құзыреттер мәселелерін қарастырды.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Конференция барысында сарапшылар мен қатысушылар арасындағы ашық диалогқа ерекше назар аударылды. «Қазақстанның атом саласын кім қалыптастырады?» атты пікірталас барысында саланы одан әрі дамытудағы кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. «Атом саласының маманына сұрақ қой» ашық микрофоны аясында қатысушылар сала өкілдері мен мамандарына өздерін қызықтырған сұрақтарды тікелей қоюға мүмкіндік алды.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Конференция қорытындысы бойынша атом ғылымы мен технологияларын дамытудың өзекті бағыттары айқындалып, Қазақстанның атом саласының кадрлық және ғылыми-технологиялық әлеуетін қалыптастыруда мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар, сала кәсіпорындары мен жас мамандар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Айта кетейік, атом энергетикасы әлемде жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Қазақстан бұл үдерісте қандай қадамға дайындалуы керек? 28 қыркүйек — Атом саласы қызметкерлері күніне орай Kazinform тілшісі сарапшылардың пікірін білді.