Форумның негізгі ұйымдастырушысы - «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ. Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаев Холдингтің базасында халықаралық жетекші компанияның басқаруындағы «Болашақ госпиталін» құруды тапсырған болатын.
«Қазақстанда денсаулық сақтауды дамыту - әрбір қазақстандықты, елдің әрбір тұрғынын қол жетімді, әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Елбасының тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау жүйесін неғұрлым қол жетімді, ашық және заман талабына жауап беретіндей ету үшін, оны кезең-кезеңімен жетілдіру жүзеге асырылуда. Бұл бағытта аз жұмыс жасалған жоқ. Бірақ медицина бір орында тұрмайды. Ауруды емдеу және диагностика жасау әдістерін үнемі жетілдіріп отыру қажет», деді форумның ашылуында сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев.
Е.Орынбаев, бұл бағытта Ұлттық медициналық холдингіне үлкен міндеттер жүктеліп отырғандығын атап өтті.
Форумның бірінші күнінде отандық мамандар мен АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД елдеріндегі денсаулықты сақтауды басқару саласындағы ең үздік сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйлейді. Екінші күні стратегиялық жоспарлау, медициналық қызметтердің сапасы, ақпараттық технологиялар, корпорациялық басқару, бизнес-үрдістерді оңтайландыру және қаржы менеджменті секциялары бойынша ауруханалық басқару саласындағы қазақстандық және шет ел дәріскерлерінің қатысуымен семинарлар топтамасы өтеді.
Негізгі баяндамашылардың қатарында Халықаралық Біріккен Комиссиясының еуропа аймағы бойынша басқарушы директоры доктор Карло Рампони (Франция), Оклахома университетінің профессоры Асаф әл-Асаф (АҚШ) бар.