Дәлірек айтқанда, салтанатты кешке Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып жатыр.
Phygital International ұйымының бас атқарушы директоры Дэниел Меркли Астана әлемдік инновациялар мен фиджитал ойындардың орталығына айналғанын атап өтті.
– Бүгін біз халықаралық спорттық турнирдің басталуын ғана емес, адамзаттың биік мақсаттарын, инновацияны және ынтымақтастық рухын дәріптеп отырмыз. Бұл – болашақты жаңа идеяларға ашық әрі оларды жүзеге асыруға дайын адамдар қалыптастырады деген ортақ сенімі бар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдерді, қауымдастықтарды және жаңашыл жандарды біріктіретін мүмкіндік. Қазақстан халқына серіктестігі мен қонақжайлығы және осы идеяға сенім білдіргені үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл ойындар сіздердің спорт болашағын қалыптастыруға деген табандылықтарыңызды және әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдарды осында, Астанада біріктіруге деген ұмтылыстарыңызды айқын көрсетеді, – деді Д. Меркли.
Бағдарлама барысында турнирдің символдық кейіпкерлері – I-Bot, Alem, Ar-Lan және I-Lin таныстырылды.
Ашылу рәсімінде қазақстандық эстрада өкілдері Yenlik, Alpha, Nazar, Ademi және Astra тобы өнер көрсетіп жатыр.
Еске салайық, «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 34 елден 800-ден астам спортшы қатысады. Қазақстан – бұл жарысты қабылдап отырған әлемдегі үшінші мемлекет.
Турнир 29 шілде мен 9 тамыз аралығында елорданың бірнеше спорт нысанында өтеді. Негізгі жарыс алаңдары ретінде көпфункционалды «Барыс Арена» мұз сарайы, Beeline Arena ұлттық теннис орталығы, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы белгіленді.
12 күн бойы қатысушылар фиджитал-футбол, баскетбол, хоккей, жекпе-жек, бокс, би бағыттары, шутерлер, Battle Royale, MOBA, дрон жарысы, Battle Bots және жаңа форматтағы өзге де спорт түрлерінен бақ сынайды.
Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 4,5 млн АҚШ долларынан асады. Спорттық бәсекелермен қатар, жанкүйерлер үшін арнайы шоу-бағдарламалар да ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Президент Телерадиокешені «Болашақ ойындары–2026» турнирінің телевизиялық түсірілімін жасайды.
Былтыр БАӘ Әбу-Даби қаласында Астана Болашақ ойындарының эстафетасын қабылдаған еді.