Астанада «Болашақ» стипендиясы иегері, марқұм А. Рамазанованы еске алуға арналған кеш өтеді

None
АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2011 жылдың 22 қыркүйегінде Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясының иегері, марқұм Ажар Рамазанованы еске алуға арналған «Өмір жалғасады...» атты кеш өтеді.

«Болашақ» Қауымдастығынан атап көрсеткендей, А.Рамазанова өзінің қысқа ғұмырында Ұлыбритания еліне Қазақстанды лайықты түрде таныстыра білді, үздік студент атанды, жақындары мен достары арасында сыйлы болды.

«Болашақ» грантын иелену үшін жазған өз өтінішінде Ажар былай деген: ««Болашақ» - мемлекет қаржысына білім алу ғана емес, ең алдымен, өзге елдерге өз мемлекетіңді таныстыру мақтанышы және жауапкершілігі».

Кешті өткізу мақсаты - Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған, табысты жетістіктерге қол жеткізген жастарды көрсету.

Іс-шара барысында А.Рамазанованың сурет өнеріндегі ұстазы болған автриялық суретші Nina Zurдың сурет көрмесі өтіп, оған Ажардың қолынан шыққан картиналар мен өзінің жеке портреті қойылмақ. Сондай-ақ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның («Болашақ») бүгінгі күнгі жұмысы туралы видеоматериал көрсетіледі. Ал «Денар» вокалды-инструменталды триосы Бахыт Қайырбековтің сөзіне жазылған қазақ әндері мен қазақ тіліне аударылған алыс-жақын шет елдердің әндерін орындайды.