19:10, 14 Сәуір 2009
Астанада «Болашақ» стипендиясының түлектері классикалық музыкадан концерт береді
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ертең Астанада ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектері классикалық музыкадан концерт береді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2009 жылғы сәуірдің 15-де Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиаттары, Лондондағы Корольдық музыка академиясының түлектері Ғалия Бейсенғалиева мен Айжан Нұркенова классикалық музыкадан концерт береді. Музыканттар Мендельсонның, Бетховеннің, Бахтың, Брамстың және Бартоктың туындыларын орындайды», делінген «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің таратқан хабарламасында. Кешті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Бектұрсын Қалдаев және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Арын Орсариев құттықтау сөзбен ашады. Сондай-ақ «Болашақ бүгіннен басталады» деп аталатын «Болашақ» бағдарламасы туралы деректі фильмнің тұсаукесері болады. А. Нұркенова пианинода, ал Ғ. Бейсенғалиева скрипкада өнер көрсетеді.