Астанада болған кісі өлтіру оқиғасының бас күдіктісі ұсталды - ІІД

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 28 сәуір күні Астанада Бөгенбай даңғылы бойындағы дүкеннің жанында орын алған кісі өлтіру оқиғасының бас күдіктісі тұтқындалды.

Ол Ресей Федерациясында туған, соңғы жылдары Астана қаласында тұрып келген 21 жастағы азамат болып шықты.

Бұл туралы бүгін брифингте Астана қалалық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Биылғы жылдың 28 сәуірінде сағат 16.54 шамасында Астана қалалық ІІД Жедел басқару орталығына Бөгенбай даңғылы бойындағы дүкен жанында денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар 1991 жылы туған «А» есімді азаматтың мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында Ресей Федерациясында туған, Астана қаласының тұрғыны 1990 жылы туған «М» есімді азамат тұтқындалды»,-дейді Н. Ораз.

Күдікті туралы толық ақпарат және оқиғаның жай-жапсарлары туралы мағлұматтар тергеу амалдарының мүддесіне байланысты жарияланбай отыр.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының ІІД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл бойынша 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырылады.