Астанада Болон үдерісінің перспективалары талқылануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстанның Болон процесіндегі тең төрағалығының шеңберінде «Болон құрылымдық реформалары: тәжірибелер, проблемалар, перспективалар» тақырыбына арналған халықаралық конференция өтті.

«Назарбаев Университетінде» Еуропалық жоғары білім кеңістігінің халықаралық сарапшылары, академиялық қоғамдастық өкілдері, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері бас қосқан осы шарада негізінен жаһандану әлемінде Болон процесінің қағидаттарын ілгерілету жөніндегі перспективаларды анықтау және өзара тәжірибе алмасу көзделіп отыр. Конференцияның басты тақырыбы біліктілік межелерімен, оқыту нәтижелері және жоғары білім сапасын кепілдендіру жүйесімен байланыстырылуда.

Айта кету керек, 2010 жылы Қазақстан еуропалық білім кеңістігіне қосылған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанған болатын. Болон құрылымдық реформаларының көбісі Қазақстанның жоғары білім саласындағы басымдықтарымен сәйкес. Атап айтқанда, жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігі, ЖОО түлектерінің ұлттық мансап жүйесі, жоғары білімді қаржыландырудағы тиімділік пен нәтижелік, инженерлік және үзіліссіз көптілдік білім жүйесінің дамуы, білім саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесінің дамуы сияқты мәселелер.