— Күн сайын тұрғындармен бірге қаламызды жайлы, таза әрі көрікті ету жолында еңбек етіп келеміз. Алайда, өкініштісі, вандализм фактілері мен қоғамдық кеңістіктерге немқұрайлы қарайтын жағдайлар да кездеседі. Кейбір азаматтар аялдама павильондарын, қоқыс жәшіктерін, орындықтарды, мүсіндерді, абаттандыру элементтерін және басқа да нысандарды бүлдіріп кетеді. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар, — деп жазды қала әкімі.
Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының сөзін тілге тиек етіп, құқықбұзушылар өз ісімен тұрғындар мен қонақтарға қолайсыздық туғызатынын атап өтті.
— Мынаны ескерген жөн: қоғамдық мүлікке деген көзқарас адамның жеке мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші. Қалада жасалып, абаттандырылып жатқан істің бәрі, ең алдымен, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынады. Қаладағы инфрақұрылымды бүлдіру арқылы құқық бұзушылар қалаға ғана зиян келтіріп қоймай, елорда тұрғындары мен қонақтарына да қолайсыздық туғызады. Олардың арасында осы көшелермен күн сайын жүретін туған-туыстары мен жақындары да бар, — деді Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімі бөтеннің және коммуналдық мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 адам жауапқа тартылғанын айтты. Сондай-ақ қоғамдық орындарды ластау бойынша 928 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
— Құқықбұзушылардың есірткі заттарын жарнамалау үшін салған граффитилерді жою бойынша да белсенді жұмыс жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері күн сайын көшелерді патрульдеп, құқықбұзушыларды анықтайды. Қаладағы бейнебақылау камераларының санын жыл сайын арттырып келеміз. Ең бастысы, әрбір құқықбұзушылықтың заңға сәйкес жауапсыз қалмайтынын түсінген жөн. Қоғамда заң бұзушылыққа нөлдік төзімділік орнығып, оған жол бермеу мәдениеті қалыптасуы тиіс, — деп жазды қала әкімі.
Жеңіс Қасымбек жауапкершіліктен ересек те, бала да оңай құтылмасын еске салып, қаланың көркеюіне ұқыптылық танытуға шақырды.
— Заңға сәйкес қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасағандарға қатаң шаралар қолданылып, қажет болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Ал кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылық жасағаны үшін олардың ата-аналары заң аясында жауап береді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын ортақ қаламызға ұқыптылық танытып, оның тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын, — деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, бұған дейін Астананың өзгерісін тұрғындар қалай бағалайтыны туралы жазған болатынбыз.