Қала әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, Ильинка кентінде суда шомылып жүрген байжеткен суға бата бастаған. Оны су маңында жұбайымен демалып жүрген Расул байқаған.
ТЖД басшысы азаматтық қорғаныс полковнигі Барат Дұзақбаев оған батылдығы және адам өмірін құтқарғаны, сондай-ақ белсенді азаматтық позициясы үшін алғыс айтты.
- Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы ерлігіңіз баршаға үлгі болады. Мұндай әкенің балалары да елінің елеулі азаматы болатынына сенімдіміз, отбасыңызға саулық тілейміз, - деді Барат Дұзақбаев.
Расулдың айтынша бұл оқиға 9 тамызда сағат 17.00 кезінде орын алған.
- Біз енді ғана келіп, жайғасқан едік. Суға түскенде жағадан 10-15 метр жерде батып бара жатқан қызды байқадым. Не болғанын бірден түсіне қоймадым. Ол айғайлап, көмекке шақырған жоқ. Еріп келген құрбысының да есі кетіп, үндемей тұрды. Мен дереу көмекке бардым, - дейді Расул.
Қыздар бұл жерге шомылуға алғаш рет келген екен. Су күрт тереңдеп кеткендіктен, олардың бірі суға бата бастаған. Ақерке нашар жүзеді. Құтқарушының айтуынша, өзі де аса жүзе қоймайды, адам құтқаратындай машықтары да жоқ, бірақ қызды жағаға шығаруға шамасы жеткеніне қуанышты.
- Шынымды айтсам, мен ерлік жасаған жоқпын деп ойламаймын. Меніңше, бұл біздің азаматтық жауапкершілігіміз, мұндай жағдайда әрбір азамат көмектесуге тиіс. Суға батып бара жатқан қызды көргенде еш ойланбастан оны құтқармақ болдым, дейді Расул.
Ол отбасымен бірге Ильинканың жанындағы су қоймасына немесе Қаражарға жиі келіп тұрады, кейде Бурабайға да барады.
Расул мамандығы бойынша адвокат, 2008 жылға дейін құқық қорғау органдарында жұмыс істеген, қазіргі кезде Астана қаласының адвокаттар алқасында қызмет етеді.
Әлішер мен Рүстем деген ұлдары футболға әуес, олар өз әкелерін мақтан тұтады. Болашақта сол сияқты болғылары келеді. Балалар тренажерларда күнде жаттығады.
Байтеленовтар әулеті салауатты өмір салтына көп көңіл бөледі. Үйде ерлі-зайыптылар мектепте өткен спорттық жарыста жеңіп алған кубок пен олимпиада чемпионы Илья Ильинмен бірге түскен сурет те бар.