Дегенмен екі муниципалитеттің басшылары Венгрия мен Қазақстанның бизнесмендері үшін «ынтымақтастық есігін ашуға» дайын. Мұндай пікірлерін кеше болған кездесуде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Будапешт мэрі Иштван Тарлош білдірді.
Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Будапешт мэрі өзінің қазақстандық әріптесіне қос муниципалитетті астаналар арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасын тапсыра отырып, онда ең бірінші кезекте гумантиралық сала - мәдениет, спорт және білім бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралғандығын атап көрсетті.
«Мәдениет пен спорт саласындағы байланысымыз ерекше екпін алса деймін. Біздің музыка әлеміне, ансамбльдер мен ұжымдар арасында тәжірибе алмасып, бірлесе музыкалық фестивальдер ұйымдастыруда ынтымақтастық алаңымыз ашық. Жоғары оқу орындары мен университеттер арасындағы өзара әріптестіктің арта түскені де өте маңызды деп санаймын. Будапешт - жоғары білім ордаларының қаласы. Жуырда ғана Ғылым академиямыз ең айтулы беделді университеттермен серіктестік туралы келісімін аяқтады. Сіздермен де осы білім саласында бірлесе жұмыс жасап, қарым-қатынасты одан әрі кеңейте түссек дейміз», - деді И.Тарлош.
Сонымен қатар Будапешт мэрі «коммуникация, коммуналдық қызметтер, көлік, құрылыс сынды салаларда да» ынтымақтастық мүмкіндіктері зор деп есептейді.
Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов венгрлік әріптесінің бастамасын толық қолдайтындығын мәлімдеді.
«Біз үшін сіздермен экономика саласында қоян-қолтық қарым-қатынаста болу өте маңызды. Астана мен Венгрия арасындағы сауда айналым ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, бұл мәселеде бастапқы кезеңде тұрмыз. Менің ойымша, өткен жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында құрылған Кедендік одақ өзара мүддемізге мүмкіндік беретін болады. Тұрмыстық нарық бұл тек 16 миллион халық қана емес, енді оған Ресей мен Беларусь халқы да кіреді», - деді Астана әкімі.
«Астана төңірегінде барлық экономикалық артықшылықтарға ие индустриалық парк бар. Біз жерді тегін ұсынамыз, салықтық төлемдердің барлығы дерлік нөлдік пайыз, инженерлік желілері мемлекет есебінен жүргізілген», - деп жеткізді әкім венгрлік әріптестеріне Қазақстанда бірлескен бизнес бастаудың шарттарын түсіндіре отырып.
«Бәрінен бұрын біздер үшін инновациялық жобалар қызықты. Кезінде Венгрия өндірісі өзінің сапалылығымен ерекшеленгенін білеміз. Будапешт бизнесмендерінің Астанаға келуін ұйымдастыруда біз оларды қабылдауға, барлығын көрсетуге, айтуға және бірлесе кәсіпорын құруға тырысуға дайынбыз», - деп нақтылады сөзін Иманғали Тасмағамбетов.
И. Тасмағамбетов Астана қаласының ономастика комиссиясы елордадағы бір көшені «Будапешт» деп атауға шешім қабылдағанын жеткізді. Өз кезегінде Венгрия астанасының мэрі:«Будапештте де біз Астананың құрметіне көше немесе алаң атауын береміз», - деп мәлім етті.
«Қазақстанның жетістіктері мен әлеуетін білеміз. Венгрияның Қазақстанмен қарым-қатынасы аса маңызды. Бұған биылғы жылдың мамырында біздің Премьер-Министрдің Қазақстанға сапары дәлел... Сіздермен де біздің қарым-қатынасымыздың маңызы орасан екенін тағы да атап өткім келеді. Келісім жобасын тағы да қарап шығуыңызды сұраймын және біз сізді Будапештте күтеміз. Сіздің Будапештке іс сапарыңыз барысында келісімге қол қойсақ деген ниеттеміз», - деді И.Тарлош.