Астанада бүгін Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтеді

Фото: Фото: Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Тәуелсіздік алаңында бүгін Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтеді.

Салтанатты іс-шараға 4 000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы қатысады.

Мерейтой аясындағы шеру республикалық телеарналардан, еліміздің барлық қаласында LED-экрандардан, Қорғаныс министрлігінің ресми YouTube-арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ Jibek Joly телеарнасынан тікелей эфирде және Kazinform сайтынан тамашалауға болады.

Парадқа байланысты бірқатар көшеде уақытша шектеулер енгізіліп, автобус бағыттары өзгереді, кейбір жаяу жүргіншілер өткелдері жабылады.

Елордада өтетін ауқымды әскери парад қарсаңында Кazinform агенттігінің тілшісі еліміздің Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаевпен тілдескен еді. Ол Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа басшылық жасамақ. Генерал дайындық барысының егжей-тегжейімен бөлісіп, биылғы еліміздің басты әскери оқиғасы несімен таң қалдыратынын айтып берді.