Шарада Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украинаның спорттық қозғалысын дамыту саласындағы ғылым және тәжірибе өкілдері бас қосады.
«Қазір, өздеріңіз білесіздер, біздің спортшыларымыз халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүр. Дегенмен, болашақта бұқаралық спортты дамытпай, бүгінгі жеткен биігімізден көтеріле алмайтынымыз анық», - дейді Е. Қанағатов
Оның айтуынша, ауылды жерлердегі инфрақұрылым мен спорттық ғимараттарды көптеп салу, бұқаралық спорттың дамуына тікелей ықпал етеді.
«Қазақстан Президенті өзінің халыққа арнаған Жолдауларында біздің ең алдымен өңірлердегі, әсіресе ауылды жерлер мен шағын қалалардағы инфрақұрылымдарды дамытуға көңіл бөлуімізді баса айтады. Өйткені ол жақтарда бұқаралық спорттың дамуы көңіл көншітерлік жағдайда деп айта алмаймыз. Ертеңгі конференцияда осы және басқа да мәселелерді шешу жолдарын халықаралық сарапшылар мен мамандар ортаға салатын болады», - дейді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, конференция қорытындысы бойынша Қазақстандағы бұқаралық спортты дамытудың алғышарттары әзірленіп, сарапшылардың ұсыныстары талқыланатын болады.
Сондай-ақ, аталмыш шарада бұқаралық спортты дамыту жолдары мен ғылыми бағыттарының жаңа әдістемелері, жоғары сатылы спортшыларды психологиялық тұрғыдан даярлау технологияларын жетілдіруде инновациялық зерттемелер, Олимпиадалық ойындардың алдында атлеттердің шынығу үрдістерін ұйымдастырудың заманауи әдістері талқыланатын болады.