деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2009 жылдың сәуірі мен желтоқсаны аралығында өткен байқауды - тіл үйретудегі инновациялық үрдістер мен тиімді әдістемелік құралдарды енгізу, осы саладағы ұстаздар ұжымы мен қоғамдық ұйымдарды ынталандыру және қолдау мақсатында Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры ұйымдастырды.
Қазылар алқасының төрағасы, Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі және Президенттік Мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, байқауға мектепке дейінгі мекемелерден, қазақ тілі оқытушыларынан, әдіскер-ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардан барлығы 20-ға жуық еңбек келіп түскен.
«Тілдің көсегесін көгертеміз, қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тілге ие болсын десек, тіл үйретуді бүлдіршіндерден бастауымыз керек», - дейді М.Жолдасбеков.
Іріктеу барысында қазылар алқасы келіп түскен жұмыстардың тіл үйретудегі қолайлылығы мен әдістемелік тиімділігіне баса нараз аударды. Нәтижесінде, байқаудың жүлделі бірінші орны мен 300 мың теңге көлеміндегі сыйақысы педагогика ғылымдарының кандидаты, балаларға арналған бірнеше кітаптың авторы Райхан Мәженқызына (Астана) берілді. Екінші орын мен 200 мың теңге мөлшеріндегі сыйақы павлодарлық №116-шы балабақшаның мұғалімі Әйгерім Кәрімоваға бұйырса, үшінші орын мен 100 мың теңгені Арқалық қаласындағы «Раушан» балабақшасының оқытушысы Алданыш Айжарықова иеленді.
Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры директорының міндетін атқарушы Азат Шәуеевтың атап көрсетуінше, Қор құрылғалы бері өзінің мақсат-міндеттері бағытында бірқатар тілдік жобаларды іске асырды және олар биыл да жалғасын таппақ. Мәселен, 2010 жыл айтулы даталарға толы болуына орай, алдағы наурыз айының 1-інен бастап қазақ мектептерінің оқушылары арасында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ерлік пен Жеңіс» және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне арналған өзге тілді мектеп оқушылары арасында «Елім Еуропа төрінде» атты республикалық шығармалар байқауы өткізіледі. Үздік шығармалар «Ұлан» балалар газетінде жарияланатын болады. Ал жеңімпаздарды анықтау және марапаттау салтанаты алдағы маусымның 1-і - халықаралық балалар күніне белгіленіп отыр.
Сондай-ақ бүгінгі шара барысында қазақ тілін дамытуға арналған қоғамдық жобаларға қолдау көрсеткені үшін бірнеше отандық компания ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың алғыс хаттарымен марапатталды.