Астанада «Бұрқасын-2014» шаңғы фестивалі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Бұрқасын 2014» атты қысқы маусымның жабылуына орай дәстүрлі шаңғы фестивалі өтуде.

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.

Іс-шараның ұйымдастырушысы - Астана қаласының әкімдігі. Алғаш рет «Бұрқасын» шаңғы жарысы «Вечерняя Астана» қалалық газеттің бастамасымен 2000 жылдың 26 ақпанында өтсе, бүгінде ол бүкілқалалық дәрежедегі спорттық дәстүрге айналды. Жарысқа спортшылар да, әуесқойлар да қатысуда.

2009 жылы «Бұрқасын» фестиваліне 500-ге жуық адам атсалысса, бүгінде бұл көрсеткіш мыңдаған жанға жетіп отыр. Биылғы бәсекеге ішкі спартакиадалардың жеңімпаздары - мектеп оқушылары, студенттер мен оқытушылар, елордалық мемлекеттік құрылымдар, кәсіпорындар, Республикалық Ұлан және күш құрылымдарының қызметкерлері, ӘОСК және «Динамо» СК мүшелері, қала қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ елорданың басқа да тұрғындары мен қонақтары қатысуда.

Шаңғы жарысы сағат 11.00-де Есіл өзенінде басталды. Іс-шара бағдарламасына ерлер, әйелдер, қыздар, жігіттер, балалар, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы шаңғы жарысы еніп отыр.

Бұл күннің басты бәсекесі - шаңғы жарысынан басқа, гір тасын көтеру, армреслинг, шайбалы хоккей, қар үстінде белбеу күресі, қысқы шағын футбол, арқан тартыс, бұқа тартыс та қамтылған.