Астанада бүркітшілердің халықаралық турнирі мәресіне жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін танымал құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің Халықаралық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ulttyqsport.kz сайтына сілтеме жасап.

Екі тәулік бойы Астана қаласының іргесін дүбірге бөлеген дәстүрлі жарыстың бас жүлдесі Қарағанды облысының бүркітшісі Ақанов Дулатқа бұйырды.

Жарыстың салтанатты ашылуында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің Ұлттық спорт басқармасының басшысы Мақсат Қойшыбаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлан Оспанов және Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібаев сөз сөйлеп, дәстүрлі жарысқа қатысушы бүркітшілерге сәттілік тіледі.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен құсбегі Күнтуған ақсақалды еске түсіру мақсатында биыл екінші мәрте ұйымдастырылған жарыста бас-аяғы отыздан астам бүркітші бақ сынады. Жарыста бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру және шырғаға салу сияқты сайыстар бойынша 22 бүркіт іріктелген. Қырандардың қарымы осал болмады. Алайда, Моңғолия және Қырғызстан елдерінің құсбегілері қоянға бүркіт салу бәсекесінен сүрінді. Ақтық сынға тек қазақстандық бес бүркітші шықты.

Бабы келісіп, жұтынып шыққан бес бүркіттің өнері түлкіге түсу кезінде де деңгейлес болды. Төрешілер шешімімен жеңімпазды анықтау мақсатында бүркітті қолға шақыру сыны қосымша өткізілді. Сөйтіп, ұпай санымен Қарағанды облысынан келген бүркітші Дулат Ақанов халықаралық турнирдің бас жүлдесін қанжығасына байлады. Екінші орын Шығыс Қазақстан облысының бүркітшісі Тәттімбет Кәпұлына бұйырды. Ал, үшінші орынды баянауылдық бүркітші Бекболат Ысқақов иеленді.

Бүркітшілердің Халықаралық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігінің жүлдегерлері:
1 орын - Дулат Ақанов (Қарағанды облысы)
2 орын - Тәттімбет Кәпұлы (Шығыс Қазақстан облысы)
3 орын - Бекболат Ысқақов (Павлодар облысы)
4 орын - Аян Сейітжан (Алматы облысы)
5 орын - Арман Кушкаров (Атырау облысы)