Астанада БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесе әзірленген Су серіктестігі бастамасы таныстырылды

Фото: Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі мен БҰҰ Даму Бағдарламасы 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасын таныстырды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Астанада Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған су секторын дамыту жөніндегі әріптестердің Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтіп жатыр. Оған БҰҰ, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының, шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдері қатысып жатыр. 

Үйлестіру кеңесінің отырысында БҰҰДБ министрлікпен бірлесіп дайындаған 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасы таныстырылды. Құжат ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы негізінде әзірленді және бірнеше бағыт бойынша нақты іс-шараларды көздейді. Атап айтқанда, су ресурстары бойынша ақпараттық жүйе әзірлеу, климаттық сын-тегеуріндерді ескеретін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу және трансшекаралық су ынтымақтастығы.

«Су серіктестігі бастамасы донорларды тартуға негіз береді және мемлекет пен жеке сектор арасында үйлестіруге ықпал етеді. Бағдарлама институционалдық құрылым мен аймақтық ынтымақтастықты нығайту арқылы климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыруға және суды тұрақты басқаруға бағытталған. Ол Үкіметтің су ресурстарын тиімді бірлесіп басқаруды ілгерілету жөнінде күш–жігерін, әсіресе күн сайын өзектілігі артып жатқан климаттық сын-қатер жағдайында қолдауға арналған», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.