Астанада БҰҰ-ның Қазақстанды дамытуға бағытталған ЮНДАФ бағдарламасының таныстырылымы өтті

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010-2015 жылдарды қамтитын ЮНДАФ бағдарламасын қолдау үшін қажетті қаржы көлемі 79,64 миллион АҚШ долларын құрайды деп күтілуде.

Сонымен қатар бірқатар жобаларды еліміздің Үкіметі қосымша қаржыландыратын болады. Бұл туралы бүгін

БҰҰ-ның Қазақстанның дамуына көмектесу мақсатындағы 2010-2015 жылдарды қамтитын (ЮНДАФ) негізгі бағдарламасының таныстырылымында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарламаның таныстырылу рәсіміне мемлекеттік органдар мен Парламент өкілдері және БҰҰ-ның агенттіктерінің қызметкерлері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, бұл бағдарлама бойынша Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ-ы басты үш стратегиялық бағыт бойынша бірлесіп қимылдамақ. Жиын барысында бағдарламаның мақсат-міндеттеріне тоқталған Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаровтың сөзіне қарағанда, бағдарлама аясында атқарылатын шаралар «Қазақстан-2030» бағдарламасы мен БҰҰ-ның мыңжылдықтар декларациясына сәйкес жүзеге асырылмақ. Үш бағытың біріншісі азматтардың экономикалық-әлеуметтік бақуаттылығын қамтуға бағытталса, екінші бағыт тиімді мемлекеттік басқару шараларына қатысты. Ал үшінші бағыт қоршаған ортаны қорғау саласымен байланысты болып отыр. «Бағдарламаны жүзеге асыру барысында елдегі әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың жағдайына: атап айтқанда әйелдер мен мигранттардың балаларына, босқындар мен жастардың қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайларына жіті көңіл бөлінеді. Сондай-ақ азаматтық қоғам мен адам құқықтары мәселелері басты назарда болады. Бұған қоса тағы климаттың жаһандық өзгеру үдерісі де өзекті мәселелердің бірі ретінде қарастырылады», деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда БҰҰ агенттіктері қаржыландыратын жобалар саны уақыт өтке сайын кеми түсуде. Себебі Қазақстан экономикасы күн өткен сайын күшейіп келеді. Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның БҰҰ-ның мыңжылдықтар декларациясын қабылдағалы бері үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Соған қарамастан ана мен бала, Жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі мен Адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы, туберкулез, қоршаған ортаны қорғау сияқты проблемалар әлі де болса өзектілігн жоғалтқан жоқ. «Осыған орай жаңа бағдаралама аясында біз БҰҰ-ның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған Қазақстан 2015 жылға қарай жаңа жетістіктерімен көрінеді деген ойдамын», деді Қайрат Омаров.