Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласының әкімі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығы бастамасы Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы жаһандық маңызға ие ірі бастамаларының бірі екенін баса айтты.
«Егемен еліміздің арайлы Астанасында өтіп жатқан осынау маңызды форумда айтқан әрбір сөздеріңіз әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, одан әрі өз жалғасын табатынына сенімдіміз», - деді ол мәртебелі меймандарға.
Бүгінгі шара 2012 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясында ЮНЕСКО-мен бірігіп, Қазақстанның бастамасымен қолға алынған 2013-2022 жылдарға арналған Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын ұлықтауға арналып отыр.
Форумның негізгі мақсаты мәдениетаралық сұхбаттың одан әрі дамуы үшін жаңа жаһандық күн тәртібін және мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығы аясында бейбітшілк және тұрақтылық үшін мәдени әртүрлілікті қалыптастырумен байланысты мәселелерді талқылау мақсатында халықаралық саяси, академиялық және іскер ортаның, сондай-ақ, азаматтық қоғам мен ҮЕҰ-ның басшыларын біріктіріп, бастарын қосу болып табылады.
Форумның құрметті қонақтары ретінде ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокова, БҰҰ өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Н. Әл-Нассер, ТҮРКСОЙ Бас директоры Д. Қасейінов, БҰҰ-ның Білім алу құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы К. Сингх, Латын мәдениет академиясының Бас хатшысы К. Мендес, 1986 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы В. Шойинка шақырылды. Сондай-ақ, ҚР Парламенті депутаттары, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының мүшелері, ЮНЕСКО-ның биік деңгейлі тобына кіретін халықаралық ұйымдардың басшылары мен танымал тұлғалар және 30-дан аса мемлекеттің этика және мәдениетаралық коммуникация, білім және мәдени мұра жөніндегі сарапшылары, еліміздің белгілі ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.