Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, қаржы пирамидасы 2024 жылғы маусым мен 2025 жылғы ақпан аралығында жұмыс істеген. Оны Ш. есімді азамат Ш., И., Х., К. және А. есімді адамдардың көмегімен ұйымдастырған.
Салымшыларға пайызсыз тұрғын үй мен автокөлік сатып алу ұсынылған. Алайда осы уәдемен жиналған ақша салдарынан 44 адам 111 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған.
Сотталушылар кінәсін мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетінін айтқан. Прокурор оларға 5 жыл 6 айдан 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Сот бес адамды да кінәлі деп таныды. Бұған дейінгі үкімдер бойынша өтелмеген жазаның бір бөлігін қосу нәтижесінде оларға түпкілікті мынадай жаза тағайындалды:
Ш. — 7 жыл 6 ай;
И. — 6 жыл 6 ай;
А., Х. және К. — әрқайсысына 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру.
Сонымен қатар сотталғандар сегіз жылға азаматтардың қаражаты мен инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Бұдан бөлек, олардан 44 жәбірленушінің пайдасына 111 млн 168 мың теңге материалдық залалды өтеу үшін және 700 мың теңге өкілдік шығын өндірілді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, мұның алдында Жетісу облысында қаржы пирамидасын басқарған ерлі-зайыпты сотталғанын хабарлаған едік.