Астанада «Cargo Aviation Day» шарасы аясында әуемен тасымалдаудың әлемдік үдерістері талданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында бүгін «Cargo Aviation Day» шарасы өткізілді.

Оны ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ, Қазақстанның «KAZLOGISTICS» Көлік одағы, Әуе көлігінің халықаралық қауымдастығы (IATA) бірлесе ұйымдастырды. Бұл туралы Қазақстанның «КAZLOGISTICS» Көлік Одағының баспасөз қызметінен хабарлады. Форум жұмысына 100-ден астам ұйымдар қатысты. Шараның мақсаты - ҚР әуемен жүк тасымалдау саласындағы өзекті жайларды талқылау, республикада әуемен жүк тасымалдау хабын дамыту, республиканың транзиттік әлеуетін дамытуға кедергі келтіретін өзекті жайлары қарастырылды. Дөңгелек үстел отырысы кезінде әуемен тасымалдаудың әлемдік үдерістері мен саланың болашағы талданды. Оның ішінде географиялық ахуал. Жүк хабтарының экономикалық және құқықтық базаларын жасақтау, қазіргі таңдағы әуе тасымалдау жүйесінің технологиялары, Қазақстан әуе паркінің жүк тасымалдаудағы стратегиялық дамуын зерделеу, сондай-ақ тұрақты жүк тасымалы мен жолаушылар тасымалдау кезіндегі сыйымдылығы жоғары құралдарды пайдалану қарастырылды. Сонымен қатар Кеден Одағы аясындағы мемлекеттердің технологиялары мен көлік құралдарының құжаттарын біріздендіру, импорттық, экспорттық және транзиттік жүктерге кедендік үдерістерді жеңілдікпен пайдаланудың болашағы сарапталды. Арнайы сессияда жаңа халықаралық стандарттарды өндіріске енгізу, оның ішінде 1999 жылғы Монреаль конвенциясы, өндіріске стандарттың e-freight техникалық шешімін енгізу, ҚР электрондық әуе ілеспе құжатын өндіріске енгізу, кедендік ресімді электрондық құжаттандырудың Ресей тәжірибесі талданды. "Cargo Aviation Day" бағдарламасында электрондық e-AWB әуе ілеспе жүк қағазын толтыру мен өндіріске енгізу семинары болды. Семинар кезінде 70 қатысушы электрондық әуе ілеспе қағазы мен құжаттарды толтыру туралы мағлұматтар алды. Қазақстанда e-AWB қанатқақты жобасын енгізудің мүмкіндігі талқыланды. Айта кету керек, шара аясында Қазақстанның «KAZLOGISTICS» Көлік одағы мен Азаматтық авиацияның Инновациялық орталығы арасында мультимодальдық тасымалдауда бірегей электрондық құжаттарды пайдалану туралы Меморандумға қол қойылды.