13:12, 25 Сәуір 2009
Астанада Чернобыль апаты құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді
АСТАНА. Сәуірдің 25-і. ҚазАқпарат - Ертең, сәуірдің 26-сы - Радиациялық апат құрбандарын еске алу күні. Осынау атаулы күнге орай Астанада Чернобыль апаты құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап. Бұл шара 1986 жылғы сәуірдің 26-да Чернобыль атом электр стансысында болған апаттың 23 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының «Чернобыль одағы» қауымдастығының бастамашылығымен өткелі отыр. Салтанатты рәсім Мұңайтпасов және Жирентаев атындағы көшелердің қиылысында сағат 10.00-да болады. Бұл шараға 200-дей адам қатысады деп күтілуде, олардың ішінде Украинаның Қазақстандағы Елшісі Николай Селивон, Беларус Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің бірінші хатшысы Александр Шкатулов, Астана әкімінің орынбасары Әмірхан Рахымжанов, елордалық мәслихаттың хатшысы Владимир Редкокашин, Чернобыль апатының салдарын жоюға атсалысқандар және қаза болғандардың отбасы мүшелері бар.