Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы, «Астана Ветсервис» ШЖҚ КМК учаскелік инспектормен бірлесіп, Сарыарқа ауданында үй жануарларының иелері арасында бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді.
- Чиптердің немесе вакцинацияны растайтын құжаттаманың жоқтығы анықталған жағдайларда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» қолданыстағы кодексіне сәйкес айыппұл жазылды, - делінген Астана қаласы әкімдігінің хабарламасында.
ӘҚБтК-нің 407-2-бабына сәйкес, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы ел заңнамасын бұзғаны үшін айыппұлдар көзделген:
Жеке тұлғалар үшін: 10 АЕК × 3 692 теңге = 36 920 теңге.
Лауазымды тұлғалар үшін: 20 АЕК × 3 692 теңге = 73 840 теңге.
Іс-шара үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін арттыруға және жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайтуға бағытталған.
- «Барлық жануарлар иелерін заңнама нормаларын сақтауға, чиптеуді, вакцинациялауды және заңда көзделген өзге де міндетті іс-шараларды уақтылы жүргізуге шақырамыз. Үй жануарларына жауапкершілікпен қарау олардың денсаулығы мен қауіпсіздігінің кепілі, сондай-ақ қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып саналады», - делінген басқарма мәлімдемесінде.
Еске салсақ, депутат Еділ Жаңбыршин үй жануарларын чиптеу иелерінің жауапкершілігі мәселесін шешпейтінін айтқан еді.