Ұйымдастырушылар көрермендер назарына көптеген бірегей номерлер ұсынбақ. Мерекелік шара қарсаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында фестивальді ұйымдастырушылар қазақстандық және шетелдік цирк әртістерінің әзірлеген тосын сыйлары туралы айтып берді.
ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Астаналық цирк» МҚКК бас директоры Ерік Жолжақсыновтың айтуынша, қонақтар есте қаларлық жарқын қойылымдар ұсынбақ. Беларусь, Голландия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркіменстан және Эфиопия, сонымен қатар қазақстандық цирк өнерінің майталмандары өз өнерлерін ортаға салады. Цирк думанының ерекшелігі - Африканың экзотикалық жануарлары - керік Багира мен мүйізтұмсық Бони, сондай-ақ, үйретілген жануарлар мен маймылдар болмақ. Ресейлік цирктің бас аң үйретушісі Роман Гормаштың айтуынша, төрт аяқты әртістер аренада вальс билеп, залдағы көрермендерге «қылмыңдайды». Цирк тамашалауға келген нәзік жандылардың бірін керік сүйіп алады. Ресейлік әртістің айтуынша, бұл күлкілі көрінгенмен, ұмытылмас әсер қалдырмақ. Айта кетейік, керіктің жүріп-тұруы үшін астаналық цирк қызметкерлері кейбір конструкцияларды алып тастады, есікті үлкейтті.
Мұнымен қоса, цирк күмбезінің астында акробаттар, мотоцикл мінген эквилибристтер, арқанмен жүретін әртістер өнер көрсетпек. Көрермендер эфиопиялық әртістердің орындауындағы таң қалдырарлық және аса күрделі икарийлік ойындарды тамашалайды.