ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5-7 мамыр аралығында еліміздің бас қаласы көлік, логистика және құрылыс салалары өкілдері бас қосатын маңызды іскерлік алаңға айналды.
Көрмеде коммерциялық көлік, арнайы техника, құрылыс және жол жабдықтары, автокомпоненттер, сервистік шешімдер, лизинг құралдары мен бизнеске арналған заманауи технологиялар таныстырылды.
Аталған көрмелерге 147-ден астам компания қатысып, 50-ден астам техника үлгісі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ Өзбекстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының ұлттық павильондары таныстырылып, шараның халықаралық деңгейін айқындай түсті.
Ашылу рәсіміне мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Көлік министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Энергетика министрлігінің вице-министрлері де болды.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков көрмелердің сала дамуы үшін стратегиялық маңызына тоқталды.
-Инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу және ірі жобаларды жүзеге асыру заманауи техникаға, тиімді логистикаға және орнықты жеткізу қызметтеріне тікелей байланысты. Comtrux Astana мен Eurasian Construction Technology Astana алаңдарында аталған салалардың өкілдері бас қойып, өзара пікір алмасып, ортақ мәселелерді талқылайды. Бұл өз кезегінде ынтымақтастықты кеңейтуге, келісімшарттар жасауға және жаңа нарықтарға жол ашуға мүмкіндік береді, – деді Олжас Сапарбеков.
Сондай-ақ шараға Германия, Португалия, Канада, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Үндістан, Эстония, Түркия және Словакия елдерінің дипломатиялық миссиялары мен экономикалық өкілдіктерінің өкілдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы және салалық қауымдастық жетекшілері қатысты.
Сөз етілген көрмелердің ашылуы іскерлік ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға серпін беріп, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші логистикалық және индустриялық хаб ретіндегі беделін нығайтты.
Осыған дейін елордада өткен RES 2026 EXPO көрмесі туралы жаздық.