Жоба аясында 13-14 маусым күндері елордада «Ұлы даланың мұрасы. Шабыт мекені. Болашақ экономикасы» тұжырымдамасымен көрме өтіп жатыр. Іс-шараға келушілер Ақмола облысының бай мәдени мұрасымен, шығармашылық жетістіктерімен және инновациялық жобаларымен таныса алады.
Көрме күн сайын сағат 10:00–ден 19:00–ге дейін Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында өтеді. Іс-шара ұлттық дәстүрлердің заманауи креативті экономиканы дамытудағы маңызды негізге айналып отырғанын айқын көрсетеді.
Бір алаңда 200-ден астам қолөнерші, дизайнер, суретші, стартап жобалардың авторлары мен шығармашылық бизнес өкілдері өз өнімдерін ұсынып отыр. Келушілер зергерлік өнердің бірегей туындыларын, ағаштан, былғарыдан және киізден жасалған бұйымдарды, ұлттық киім топтамаларын, музыкалық аспаптарды, сондай-ақ заманауи технологиялық жобаларды тамашалай алады.
Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырып отырған Creative Aimaq жобасының мақсаты — Астана тұрғындары мен қонақтарын өңірлердің шығармашылық әлеуетімен, жергілікті брендтермен және мәдени бастамаларымен кеңінен таныстыру.
Еске салсақ Астанада ерекше сурет көрмесі өткен еді.