Астанада дағдарыс жағдайында энергия үнемдеудің маңыздылығы мәселесі талқылануда

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанадағы «Есіл» мейманханасында «Дағдарыс жағдайындағы энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің Қазақстанның болашағы жолындағы рөлі» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының өкілдері Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Жиынға Президент Әкімшілігінің қызметкерлері мен Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың және партиялық ұйымдардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Дөңгелек үстел отырысының мақсаты - энергия үнемдеу жұмыстары барысындағы тәжірибені зерттеп-зерделей отырып, тиісті ұсыныстар дайындау. Осыған орай күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған сенатор Юрий Кубайчуктың айтуынша, талқыланып отырған тақырып өте маңызды және ол Елбасының биылғы Жолдауы аясында көтерілген жайттардан туындап жатыр. «Сондықтан бізге отырыс барысында қозғалған мәселелерді мұқият тыңдап, оны мүмкіндігінше Парламентте қаралып жатқан энергия үнемдеуге қатысты заңдарға енгізу қажет», - деді Сенат депутаты. Осыған орай мәжіліске қатысушылар энергия үнемдеуді жан-жақты талқылап, оған қатысты өзара пікір алмасты. Мәжіліске қатысушылардың пікірлерінше, дағдарыс жағдайында энергия үнемдеуші технологияларға деген қажеттілік энергияны өндірушілер үшін де, оны тұтынушылар үшін де барынша артып отыр. Өйткені бұл технологиялар қаржыны үнемдеп, елдегі әлеуметтік және экологиялық проблемалардың шешілуіне оң ықпал етеді. Сонымен қатар аталмыш технологиялар көптеп іске қосылатын болса, энергия үнемдеу саласындағы кәсіпкерліктің жандануы негізінде жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкіндігі туады. «Бұл мәселелердің барлығы да қоғам үшін ерекше маңызды. Ал қазіргідей жағдайда оның өзектілігі тіптен артып отыр», - дейді дөңгелек үстел отырысына қатысушылар.