Астанада дәмхана өртенді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада түнде көңіл көтеретін мекемелердің бірі өртке оранды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, кеше түнде елордадағы «Мадина» дәмханасы өртенген. Келушілер мен мекеме қызметкерлері арасында жапа шегушілер, құрбан болғандар жоқ.

«Түнгі сағат 1:02-де Астана қаласы Сарыарқа ауданы Қарталы көшесінде орналасқан екі қабатты «Мадина» дәмханасының шатыры мен төбе жабыны жанып жатқаны туралы хабар түсті. Тілсіз жау сағат 2:04-те ауыздықталып, сағат 2:34-те өрт толық сөндірілді», - деді Р.Иманқұлов.

Оның мәліметінше, өрт шарпыған аумақ шамамен 700 шаршы метрді құрайды.  «Өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД қызметінің жеке құрамынан 60 адам және өрт сөндіретін 15 техника бірлігі жұмылдырылған. Өрт шығу салдары әлі де анықталатын болады» - дейді ресми өкіл.