Астанада даңқты қолбасшы, ұлт батыры Бұқарбай Естекбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай жыр кеші өтті

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында даңқты қолбасшы, ұлт батыры Бұқарбай Естекбайұлының туғанына  200 жыл толуына орай «Ел қорғаған Ер Бұқарбай» атты жыр кеші өтті.

Қазақ елінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан ұлы даланың қас батыры, Ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы Бұқарбай батыр Естекбайұлының есімін ұлықтау, бабамыздың ұмытылмас ерліктерін халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген шараға елімізге белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, өнер жұлдыздары, белгілі ғалымдар шақырылды. Еске сала кетсек, даңқты қолбасшы Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойын республикалық көлемде өткізу ҚР Премьер-Министрiнiң өкiмiмен белгiленген болатын. Осыған орай, отаршылдар мен келімсектердің үстемдігіне қарсы қалың қазақты атқа қондырып, өмірінің соңына дейін Кенеханның ең сенімді серігі, мыңбасы болған, биыл туғанына 200 жыл толатын Естекбайұлы Бұқарбай батырдың (1812-1898) мерейтойы биыл республикалық деңгейде атап өтілуде.

Бұқарбай Естекбайұлы (1812-1898) - батыр, шешен. Кіші жүздегі Табын руының теке атасынан шыққан. Кенесары Қасымұлына қосылғанға дейін Қоқан бектерінің ықпалында болған. Бұқарбай Кенесары көтерілісіне алғашқылардың бірі болып қатысып, 1847 жылға дейін көрнекті батырлардың қатарында аталады. Ол 1838 жылы тамызда Ақмола бекінісін алуға қатысты. 1850 жылы Бұқарбайдың жасағы Қазалы, Арал, Қосқорған бекіністеріне шабуыл жасап, казак-орыстар мен қоқандықтарды жеңді. Орыс тіліндегі деректерге қарағанда, Бұқарбай осы шайқастардың бірінде ауыр жараланып еліне қайтқан соң бейбіт еңбекпен айналысқан. Егін егіп, Сырдария сағасынан күні бүгінге дейін ұрпақтары пайдаланатын «Бұқарбай арығын» (ұзындығы 25 - 30 шақырым) қаздырған. Бұқарбай батырдың ерліктері ақын-жыраулардың мұраларында, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулерінде, жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында, зерттеуші Қ. Бердәулетовтің «Бұқарбай батыр» кітабында көрініс тапқан. Бұқарбай батыр жайлы орыстың атақты саяхатшы ғалымы А.Грен, академик С.П.Толстов «По древным дельтам Окса и Яксарта» кітабында Кенесары ханның баласы Ахмет сұлтан «Кенесары хан мен Сыздық сұлтан» кітабында, Мұхтар Әуезов «Хан Кене» шығармасында, Жамбыл Жабаев, Мұхамеджан Сералин, Сүйінбай Аронұлы, Ілияс Есенберлин, Базар жырау, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіров өз шығармаларында қазақтың ұлт-азаттық көтерілісі бас батырларының бірі деп мәңгілікке жазып кеткен. Әлі күнге батырдың марқасқа бейнесі қазақ әдебиетінде сомдалуда. Жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Бұқарбай батыр» драмасы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театры 2012 жылы жариялаған республикалық байқауында II орын алды.